Қайрат НҰРТАС, әнші: «Қазақ тілінде Қазақстанда сөйлемегенде енді қайда сөйлемекпін?!»

17.08.2015

Астана. 16 қыркүйек. Baq. kz – Бүгінде жас әнші Қайрат Нұртастың соңынан айтылып жүрген жыр көп. Бірі өнер иесін қолпаштаса, енді бірі сын тезіне алып жатады. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген әншінің басы даудан бір арылмай-ақ қойды. Әсіресе 30 тамызда Алматы қаласындағы «Prime Plaza» ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған концерттің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан болатын. Осы оқиғаға орай, voxpopuli.kz сайты Қайрат Нұртастан сұхбат алған.

– Қайрат, 30 тамызда Алматыда орын алған оқиғадан соң сенің «Алматы – іңкәрім менің!» фестивалінде өнер көрсетуіңе тиым салынғаны рас па?

– Рас. Қалай десемде, орын алған жайт мені қатты есеңгіреп жіберді. Шынымды айтсам, сол түні орын алған оқыс жағдай еш есімнен кетер емес. Жатсам да, тұрсамда көз алдымнан көлбеңдеп кетпейді. Дейтұрғанымен, ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Өмір жалғасып жатыр. Алайда, жақсы сабақ алдым деп ойлаймын. Жоғары да өзіңіз атап өткен «Алматы- іңкәрім менің» фестивалінде өнер көрсетуді қатты қалаған едім. Құдай қаласа, алға қойған мақсат-мұраттарыма қол жеткізу үшін талмай еңбектенемін.

– Аталған кеште өнер көрсетпейсің дегенді естігенде қандай сезімде болдың?
– Әрине, көңілім құлазып сала берді. Мен бұл кеште Юрий Шатуновтың «Белые розы» әнін шырқау керек едім. Бұл әнді кішкентай балалармен бірге орындап, айрықша қойылымда қойылуы тиіс болатын. Тіпті, бұл фестивальге арнап, концерттік костюм де тіктіріп қойғанмын. Бірақ, соңыра ұйымдастырушылар хабарласып, менің өнер көрсетпейтінімді жеткізді.

– Қайрат, «Prime Plaza» ойын-сауық орталығында халықтың жаппай көтеріліп кетуіне не түрткі болды деп ойлайсың?

– Мен ол концертке сақадай-сай болып келгенмін. Жоспар бойынша 8 ән орындау керек едім. Тіпті, өзімнің сиясы кеппеген соңғы әнімді шырқауда ойымда болды. Жасырып не керек, жұрт дүрлігіп жатқанда тұла бойымды қорқыныш сезімі биледі. Қым-қуыт сәтте, бір Аллаға ғана жалбарындым. Әсіресе, еш жазықсыз жапа шеккен кісілерді көргенде жүрегім ауырды. Шүкір, естуім бойынша, қазір ол кісілердің жағдайы жақсы екен.



–Зардап шегушілердің көңілін сұрау үшін ауруханаға бардың ба?

– Жоқ, бармадым. Менің пікірімше, орын алған жайтқа ол кісілердің еш кінәсі жоқ. Олар тек менің әнімді тыңдауға әрі демалуға келді. Елдің алдында айыбым болмаса да, халықтан басымды иіп кешірім сұраймын. 

– Ел арасында Қайрат Нұртас Елбасының немересі Айсұлтанның тойында өнер көрсетіпті деп жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

–Жоқ, ол тойға барған жоқпын. Мені ол жерге ешкім шақырған жоқ.

– Мұндай оқыс оқиға бұрын-соңды басыңнан өтті ме?
– Бұл – бірінші рет. Мен үлкен спорттық стадиондарда өнер көрсеткенмін. Мәселен, Қытай, Өзбекстан мемлекеттерінде 10-20 мың адамға арналған концерттік залдарда ән шырқап жүрмін. Қай жерде өнер көрсетсемде, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаппай тәртіпсіздікке жол бермейтін. Түсініңізші, мен бар болғаны 40 минут қана сахнаға шығып, өнер көрсетуім керек-тін. Ал маған ән айтуға мүлде мүмкіндік бермеді. Шынымды айтсам, ақталудан да қатты шаршадым...

– Қайрат, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қалада орын алған жаппай тәртіпсіздікке сені айыптайтын көрінеді. Бұған не дейсің?
– Мен бұл жөнінде ештеңе айта алмаймын. Ахметжан Смағұлұлы маған ренжіп жүр дегенде де сенгім келмейді. Шаһар басшысы жалғыз әншіге кінә артпай, жағдайымды түсінер деп ойлаймын. Десе де, әкімнің қабылдауында болып, ол кісіге орын алған жағдайды өз ауызыммен түсіндіріп берсем деп жүрмін...

– Саған Семей жұрты да қатты қапалы дейді... 
– Иә, бірқатар түсініксіз жайттардың болғанын жоққа шығаруға болмас. Рас, қазір Семейге үлкен концерттер қойып жүрген жоқпын. Тек той-томалақтарға ғана барып, елдің қуанышына ортақтасып жүрген жайым бар. Семей – ғажап мекен! Ол қаланың тұрғындары мені әрдайым ыстық ықыласпен қарсы алып, әндерімді де ұйып тыңдайды. Мен Семейді сағындым. Бұйыртса, жуырда Абай елінде жеке шығармашылық кешімді өткізу жоспарда тұр.

– Сенің өте танымал әнші екенін алыс-жақын шетелдіктерді де қатты таңғалдырып отыр. Мұндай жетістікке жетуіңнің сыры неде?
– Мен қандай жетістікке жетсемде, бірінші, Алланың одан кейін анамның арқасы деп білемін. Қазақстанда мен араламаған жер жоқ. Тіпті, еліміздің картасына енбей қалған шалғай ауыл-аймақтарға шығып, ел-жұртты әндеріммен сусындатып келемін. Көптеген өнер иелері қомақты қаражатқа бейнебаян түсіріп, оны әртүрлі музыкалық телеарналардан айналдырып, өздерін жұлдыз санап жатады. Алайда, ол әншілерді халық бірден тани бермейді. Мәселен, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Мейрамбек Бесбаев қалай жұлдыз болды? Меніңше, шынайы таланттарымен әрі маңдай терлерімен...

– Сенің демеушің кім?
– Менің демеушім –– халқым. Елдің ішінен тапқан табысым –отбасымды асыруға, шығармашылығымды шыңдауға, менімен бірге жұмыс істейтін кісілерге айлық-жалақы төлеуге кетеді.
– Қайрат, көп адамдар сені орыс тілін білмейді, білсе де әдейі сөйлемейді деп сөгіп жатады...
– Мен орыс тілін білемін. Алматыда 20 жыл тұрып, қалай орысша білмеуге болады? Кейбір концерттерде орыс тілінде әндер орындаймын. Бірақ, әлде біреулердің қытығына тию үшін қазақша сөйлемеймін. Өз Отанымда ана тілімде ғана сөйлеуді жөн көремін. Әлде бұл ойым дұрыс емес пе? Қазақ тілінде Қазақстанда сөйлемегенде енді қайда сөйлемекпін? Мәселен, Мәскеуге табан тіресем, орыс тілінде сөйлеймін. Ал АҚШ-та болсам, ағылшынша тіл сындыруға тырысамын.