Андрей Аршавин: Маған Қайрат Нұртастың әні ұнайды

15.01.2017

Футболдан Ресей құрамасының экс-капитаны, қазіргі “Қайрат” командасының жартылай қорғаушысы Андрей Аршавин Қазақстандағы өмірі туралы толығырақ баяндап берді.

Бұл туралы ГазетаRu хабарлайды.

“Онда көбі жабық киім киеді. Енді қанша дегенмен Азия ғой. Үстелде ер адам басты рөлде, ал әйелдер тек тыңдайды. Оңтүстік өңірлер барынша ұлттық құндылықты сақтаған. Ал Солтүстік Қазақстанның Ресей қалаларынан айырмашылығы шамалы”, – дейді ол.

Сондай-ақ, футболшы қазақтың ұлттық тағамына қатысты да пікір білдірген.

“Мен ет тамағын (бешбармақ) жеп көрмедім. Маған ол тамақтың түрі ұнамады. Есесіне жылқы етін көп жедім, өйткені ол Қазақстанда кеңінен таралған. Оны барлық мейрамханаларда береді әрі базардан да оңай сатып ала аласың”, – дейді Аршавин.

Сұхбат барысында ойыншы Қазақстандағы ең танымал әнші Қайрат Нұртас екенін де атап өтіпті. Оған әсіресе, Нюшамен бірге орындаған “Алматы түні” әні қатты әсер етіпті.

 


“Алматының тауы ерекше ұнайды. Жаз айларында саябақтарда қыдырамын. Шымбұлаққа да барамын. Бірақ, өте сирек. Бірде әйелім екеуміз онда барып, жылы киінбегендіктен қатты тоңып қалғанбыз”, – дейді Алматыдағы өмірі туралы айтқан ойыншы.